Алматыда парниктік газдар инвентаризациясы жүйесі бойынша жетінші оқыту семинары өтуде
Жаңалықтарға оралу

Алматыда парниктік газдар инвентаризациясы жүйесі бойынша жетінші оқыту семинары өтуде

2025 жылғы 15-18 шілде аралығында Алматы қаласында парниктік газдар инвентаризациясы жүйесі бойынша жетінші оқыту семинары өтуде. Іс-шараны БҰҰ-ның ЭСКАТО ұйымы UNOSD, UNFCCC және IPCC сияқты бірқатар халықаралық құрылымдармен бірлесіп, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Семинарға 20-дан астам елдің өкілдері, сарапшылар, ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың мамандары қатысты. Негізгі мақсаты парниктік газдар шығарындыларын есепке алу саласындағы елдердің әлеуетін арттыру, мамандардың біліктілігін көтеру және Париж келісімі мен Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша тәжірибе алмасу.

Семинарда есептілікті дайындау, IPCC бағдарламалық жасақтамасын қолдану, деректер сапасын қамтамасыз ету және электрондық ашықтық жүйесін енгізу мәселелері талқылануда. Ерекше назар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қалдықтарды басқару сияқты негізгі секторларға аударылды.

Семинар аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Тұрсынұлы UNOSD басшысы Чун Куо Паркпен кездесіп, халықаралық ынтымақтастық пен климаттық қаржыландыру перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ, «Жасыл даму» АҚ 1-Салалық құзыреттер департаменті директоры Айман Серікқызының Қазақстанның парниктік газдар инвентаризациясының ұлттық жүйесіне арналған презентациясы ұсынылды. Презентация барысында ол елдің негізгі жетістіктерін, бар қиындықтарды және климаттық міндеттемелер аясындағы басым бағыттарды атап өтті.