Бүгін Абай және Ұлытау облыстарында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі құралдарын енгізу мәселелеріне арналған жұмыс семинары өтті. Іс-шара Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен ұйымдастырылып, оған «Жасыл даму» АҚ, өңірлік әкімдіктердің өкілдері, сарапшылар мен салалық мамандар қатысты.
Семинар барысында қатысушылар екі өңірдегі қалдықтарды басқару жүйесінің қазіргі жағдайын, БҰҰДБ ұлттық консультанттары жүргізген талдамалық зерттеулер мен өңірлік сапарлардың нәтижелерін талқылады. Қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын дамыту, қайталама шикізатты қайта өңдеу тиімділігін арттыру және экологиялық саясаттың заманауи құралдарын енгізудің практикалық тетіктеріне ерекше назар аударылды.
«Жасыл даму» АҚ Қазақстандағы ӨКЖ операторының қызметі шеңберінде көрсетілетін кешенді қолдау шараларын таныстырды. Таныстырылым барысында оператордың негізгі функциялары, қайта өңдеуді ынталандырудың қолданыстағы тетіктері және экологиялық бастамаларды іске асырудың табысты тәжірибелері ұсынылды. Жеке сессия өңірлермен өзара іс-қимыл мәселелеріне арналып, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша практикалық шешімдер талқыланды.
«Қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамыту мемлекет, бизнес және өңірлер арасындағы тығыз ынтымақтастықсыз мүмкін емес. «Жасыл даму» АҚ өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі құралдарын жүйелі түрде енгізіп келеді, олар қайта өңдеуді ынталандыруға және экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бүгінгі семинар сияқты алаңдар өңірлердің тұрақты дамуына арналған нақты практикалық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Кабдолданов.
Сонымен қатар, семинар барысында ол қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, ӨКМ құралдарын енгізудің және өңірлік қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытудың практикалық аспектілері бойынша түсіндірме берді.
Осындай іс-шараларды өткізу ұлттық институттар мен өңірлік билік органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ тұрақты даму мен «жасыл» экономика қағидаттарына сәйкес келетін тиімді қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.