«Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, макулатурадан қайта өңделген қағаз табақшалар өндіруге арналған жабдық сатып алу жобасы аясында «SADYK BEREKE» ЖШС-не 64 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті.
«SADYK BEREKE» ЖШС макулатураны жинау және қайта өңдеу, сондай-ақ табиғи газда кептірілген, полигондық қалдықтан алынбаған, жоғары сортты шикізаттан жасалған жұмыртқа табақшаларын өндірумен айналысатын қазақстандық жеке компания. Кәсіпорын Түркістан облысында орналасқан және қазіргі таңда сағатына 1 750 жұмыртқа табақшасын шығарады. Болашақта өндіріс қуатын арттыру, өнім көлемін ұлғайту және қосымша желіні іске қосу арқылы сапа мен тиімділікті жақсарту жоспарлануда.
Жобаны іске асыру мынадай нәтижелер береді:
Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, ілеспе салаларда жұмыспен қамтуды арттыру және ауылдық аймақтардағы экономикалық жағдайды жақсарту;
Макулатураны пайдалану арқылы қалдық көлемін азайту және қоқыс полигондарына түсетін жүктемені төмендету;
Алғашқы табиғи ресурстарға деген сұранысты азайту, бұл экологияға оң әсерін тигізеді;
Дағдарыстық жағдайларда өңір экономикасының тұрақтылығын арттыру;
Қазақстанда қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымының дамуына серпін беру.
«Жасыл даму» АҚ утилизациялық төлем қаражатын пайдалана отырып, экологиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындарға ақпараттық қолдау көрсетуді жалғастырады.