Қағаз қалдықтарының жаңа өмірі: «Жасыл даму» АҚ Алматыда макулатураны қайта өңдеуге утильалым есебінен инвестиция салуда
Жаңалықтарға оралу

Қағаз қалдықтарының жаңа өмірі: «Жасыл даму» АҚ Алматыда макулатураны қайта өңдеуге утильалым есебінен инвестиция салуда

«Жасыл даму» АҚ Қазақстанда экологиялық тұрғыдан тұрақты өндірістерді дамытуға бағытталған стратегиялық бастамаларды жалғастыруда. Осы жұмыстың аясында Алматы қаласында қағаз шығаратын машинаны жаңғырту бойынша ірі инвестициялық жобаны «ИНТЕР МУЛЬТИ СЕРВИС» ЖШС-ге қаржыландыру мақұлданды.

«ИНТЕР МУЛЬТИ СЕРВИС» ЖШС – Қазақстандағы қағаз бен картон өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Компанияның заманауи зауыты жыл сайын шамамен 36 мың тонна макулатураны қайта өңдейді, бұл полигондарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады. Екінші реттік шикізатты пайдалану ағашты, суды және энергияны үнемдеуге, сондай-ақ целлюлозадан дәстүрлі өндіріспен салыстырғанда парниктік газдар шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 1,4 млрд теңге. Оның ішінде 1,1 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ тарапынан 7 жыл мерзімге жылдық 3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие түрінде берілді. Қаражат «Жасыл даму» АҚ тарапынан утилизациялық төлем есебінен ұсынылды. Өндірістік қуаттар жаңартылғаннан кейін қайта өңделетін екінші реттік шикізат көлемі жылына 55 мың тоннаға дейін артады. Зауытта 184 адам жұмыс істейді, бұл жоба олардың жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, еңбек жағдайларын жақсартуға да мүмкіндік береді.

Жаңғырту шеңберінде жаңа тораптарды орнату, техникалық сипаттамалары жақсартылған ескірген жабдықты ауыстыру, сондай-ақ қосымша құрал-жабдық сатып алу көзделген.

Жобаның күтілетін нәтижелері:

шығарылатын өнім сапасын арттыру;

өндірістік қуатты 30%-ға арттыру және макулатураны қайта өңдеу көлемін өсіру;

сарқынды суларды тазарту тиімділігін жоғарылату;

өнім өткізу көлемін, соның ішінде экспортты кеңейту;

технологиялық процестерді оңтайландыру және еңбек жағдайларын жақсарту.

Жобаның іске асырылуы отандық өндірушінің ішкі және сыртқы нарықтағы позициясын нығайтуға, қайталама ресурстарды қайта өңдеуді арттыруға және Қазақстанның жасыл экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.

«Жасыл даму» АҚ ел өнеркәсібінде қалдықтарды қайта өңдеудің тұйық циклін қалыптастыруға және экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуге бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.