Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесінің жаңа моделі таныстырылды
Жаңалықтарға оралу

Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесінің жаңа моделі таныстырылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару саласын жүйелі түрде реформалауды жалғастыруда.

Маңызды кезеңдердің бірі - 2025 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2026-2030 жылдарға арналған барлық қалдық түрлерін басқару тұжырымдамасының бекітілуі болды.

Бұл құжат алғаш рет саланы дамытудың біртұтас моделін қалыптастырып, «Жасыл даму» АҚ-ны трансформациялау негізінде Ұлттық қалдықтарды басқару орталығын құруды көздейді. Аталған орталық елдегі қалдықтарды басқару жүйесінің үйлестірушісі болады.

«Жасыл даму» АҚ-ның стратегиялық сессиясы аясында депутаттарға саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған қалдықтарды басқару жүйесінің жаңартылған моделі таныстырылды. Бұл модель қалдықтардың түзілуі мен тасымалдануын есепке алу және бақылауды цифрландыруды, ауылдық елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін кеңейтуді, жинақталған өнеркәсіптік қалдықтар мәселесін шешуді және қауіпті қалдықтарға бақылауды күшейтуді көздейді. Сонымен қатар мемлекеттік реттеуді жетілдіру, қайталама ресурстар нарығын қалыптастыру және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.

Жаңа жүйені іске асыру үшін заңнамалық базаны жетілдіру қажет, сондықтан Қазақстан Республикасы Парламентінің қолдауы маңызды рөл атқарады.

Ұсынылған шешімдерді жүзеге асыру заманауи әрі ашық қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыруға, қайта өңдеу деңгейін арттыруға және экологиялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.