Бүгін Астана қаласындағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде 8-сынып оқушыларына экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған ашық сабақ өтті. Шараға спикер ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Данияр Досымбеков қатысты.
Ашық сабақтың негізгі тақырыбы - «Оқушыларды экомәдениетке қалыптастырудың маңыздылығы». Іс-шара аясында оқушыларға қазіргі экологиялық сын-қатерлер, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқарудың рөлі, сондай-ақ жауапты тұтыну мен экологиялық мәдениеттің қоғам үшін маңызы түсіндірілді.
Досымбеков Д.Қ. өз сөзінде «Жасыл даму» АҚ-тың қызмет бағытына кеңінен тоқталды.
Спикер оқушыларға ӨКМ қағидаты, оның мәні мен қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесін ұйымдастырудағы рөлі туралы түсінік берді.
Қазақстанда ӨКМ тетігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады және «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірін құрайды.
Ашық сабақ барысында оқушылар экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, табиғатты қорғау мәдениетін мектептен бастау қажеттігін түсінді.
Іс-шара жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және оларға жасыл көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.