2025 жылғы 15 шілдеде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының қоқыс шығарумен айналысатын ұйымдары өкілдерінің қатысуымен онлайн-талқылау өткізді.
Іс-шарада спикер ретінде «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қабдолданов Нұржан Кеңесбайұлы сөз сөйледі.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ретінде қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта пайдалануға дайындау, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу, залалсыздандыру және (немесе) кәдеге жарату жұмыстарын ұйымдастыруға ӨКМ Операторы тарапынан қаржы бағыттау қағидаларына енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсететін, қалдықтарды жинау және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындарды қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізу үшін қажетті инфрақұрылымды (қайта өңделетін шикізатты қабылдау пункттері, фандоматтар, бөлек жинауға арналған контейнерлер) орнату арқылы аталған тізімге енгізу мәселесі қаралды.
Аталған онлайн-талқылауға жоғарыда аталған өңірлердің қоқыс шығарумен айналысатын ұйымдарының шамамен 50 өкілі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және экология мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне жауапты жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
ӨКМ Операторымен өзара іс-қимыл тәртібі, шарт жасасу, есептілік ұсыну және жиналған, тасымалданған және қайта өңделген әр тонна қалдық үшін төлем жүргізу тәртібі туралы түсіндірме берілді.
Сондай-ақ, ӨКМ Операторы тарапынан төленуге жататын қайталама шикізаттың әрбір түрі бойынша ақшалай төлемдердің мөлшерін арттыру, сондай-ақ қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласын дамыту перспективалары мәселелері талқыланды.