«Орталық Азия елдері мен Түркияда пестицидтердің өмірлік цикліне басқару және ТОЛ-пестицидтерді жою» жобасы аясында 2025 жылғы 14–16 мамыр аралығында Павлодар қаласында пестицидтермен ластанған учаскелерді тұрақты басқару бойынша оқу семинары өтуде. Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастыруда. Іс-шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Жасыл даму» АҚ, жергілікті атқарушы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Оқу семинарына «Жасыл даму» АҚ атынан Тарихи қалдықтарды басқару департаментінің менеджері Жакиянова Айжан қатысуда. Іс-шараның мақсаты – тұрақты органикалық ластағыштармен (ТОЛ) ластанған учаскелерді зерттеу, бағалау және басқару саласындағы әлеуетті арттыру.
Оқыту бағдарламасында Стокгольм конвенциясы нұсқаулығы мен ФАО әдістемелік материалдарына негізделген кезеңдік тәсілді қолдануға ерекше назар аударылады. Қатысушылар ластанған учаскелерді тұрақты басқарудың толық циклімен бастапқы бағалау мен сынама алудан бастап учаскенің концептуалды моделін жасауға дейін танысады.
ФАО-ЖЭҚ жобасы аясында өткізіліп жатқан бұл тренинг ескі пестицидтермен байланысты қауіптерді азайтуға, экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және аймақта химиялық заттарды тұрақты басқаруға жәрдемдесуге бағытталған.