Мектептегі қалдықтарды сұрыптау экологиялық тәрбиенің негізі
Жаңалықтарға оралу

Мектептегі қалдықтарды сұрыптау экологиялық тәрбиенің негізі

Астанада экологиялық мәдениет пен ағартушылықты дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы жалғасуда. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық білім берудің бірыңғай стандартын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Жоба аясында елордадағы мемлекеттік мектептерде қағаз, пластик және шыны түрлері бойынша қалдықтарды бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылуда. Бастаманы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ жүзеге асырып жатыр.

Жобаның кезекті алаңы - Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы, мұнда заманауи экобокстар қойылды. Олар оқушыларға қалдықтарды бөлек жинауды іс жүзінде үйренуге және EcoQolday автоматтандырылған жүйесі арқылы қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл цифрлық платформа азаматтарды, қалдықтарды жинайтын компанияларды және қайта өңдеушілерді біріктіреді.

Сонымен қатар, астаналық мектептер арасында байқау басталды: EcoQolday жүйесі арқылы ең көп қалдық жинаған оқу орны бағалы сыйлықтарға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба бірнеше міндетті шешеді: балаларда экологиялық жауапкершілікті қалыптастырады, қоршаған ортаны қорғау саласындағы білім деңгейін арттырады және қоғамды қайта өңдеу процесіне тартуға ықпал етеді.

«Табиғатқа ұқыпты қарауды ерте жастан қалыптастыру қажет. Экобокстар – балаларға тіпті кішкентай қадамдардың да қоршаған ортаға оң әсер ете алатынын көрсететін қарапайым әрі тиімді құрал», - деді «Жасыл даму» АҚ Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Нұржан Дүйсебай.

Экобокстарды орнатумен қатар мектептерде эко-сабақтар мен танымдық іс-шаралар өткізіліп, экологиялық сауаттылық пен табиғатқа саналы көзқарасты дамытуға бағытталған жұмыс жүргізілуде.