"Жасыл даму" АҚ Qazaq Invest Forum алаңында қолдау құралдарымен бөлісті
Жаңалықтарға оралу

"Жасыл даму" АҚ Qazaq Invest Forum алаңында қолдау құралдарымен бөлісті

Бүгін Алматыда өтіп жатқан QAZAQ INVEST FORUM 2025 халықаралық инвестициялық форумы аясында "Жасыл даму" АҚ қалдықтарды басқару саласындағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырды.

"Жасыл даму" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов баяндама жасап, EcoQolday цифрлық платформасы, қаптама мен автокомпоненттердің қалдықтарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындарын қолдау құралы туралы айтты.

EcoQolday бағдарламасы өткен жылдың ақпан айында қайта іске қосылған. Бағдарламаға кәсіпкерлер автоматтандырылған ақпараттық жүйеге тіркеліп, қажетті құжаттар топтамасын ұсынғаннан кейін қатыса алады.

Бүгінгі таңда EcoQolday жүйесінде бүкіл ел бойынша 64 компаниямен шарттар жасалды, оның ішінде: қалдықтарды жинауды жүзеге асыратын 38 ұйым, қайта өңдеу бойынша 17 кәсіпорын, толық циклді 9 компания бар. Бағдарламаның арқасында 17 мың тоннадан астам қағаз, 4,2 мың тонна шыны және 300 тоннаға жуық пластикті қоса алғанда, 22 мың тонна қалдық жиналып, қайта өңдеуге берілді.

Сонымен қатар, Нұржан Қабдолданов "Жасыл даму" АҚ Өнеркәсіпті дамыту қорымен келісім аясында жылдық 3% жеңілдікпен қаржыландыруды ұсынатынын атап өтті. Бұл қаражат қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату және қалдықты жинау саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін қол жетімді.

Спикердің сөз сөйлеуі экология, жасыл энергия және тұрақты өнеркәсіп салаларындағы жобаларға бағдарланған жаңа инвестициялық Kazakh-Asia Investment Fund қордың тұсаукесері аясында өтті. Аталған қордың құрылуы Форумның басты қорытындысы және 2025 жылғы маусымда Қазақстан мен Қытай басшыларының келісім жасаған стратегиялық әріптестіктің жалғасы болды.

"Жасыл даму" АҚ қалдықтарды тұрақты қайта өңдеу ауқымын кеңейту және жасыл экономиканы дамыту мақсатында инвесторлармен және жеке сектор өкілдерімен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.