Экоцифр, инфрақұрылым және жауапкершілік: «Жасыл даму» АҚ жасыл экономика қағидаттарын қалай жүзеге асыруда
Баспасөз орталығына оралу

Экоцифр, инфрақұрылым және жауапкершілік: «Жасыл даму» АҚ жасыл экономика қағидаттарын қалай жүзеге асыруда

Қазіргі таңда Ақтау қаласында Орталық Азия елдерінің экология министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Кездесуде 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитінің тұжырымдамасы талқыланды. Бұл стратегиялық құжат қоршаған ортаны қорғау, орнықты даму және «жасыл» экономикаға көшу саласында өңір елдерінің күш-жігерін үйлестірудің негізі болмақ.

Кездесудің басты іс-шараларының бірі қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық үдерістерді цифрландыру және экологиялық білім беру бойынша үздік шешімдерді көрсететін жасыл стартаптар көрмесі болды. Стартаптар ӨЭС-2026 тұжырымдамасы жобасында белгіленген негізгі бағыттар бойынша іріктелген.

Қазақстанда қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы негізгі баяндама жасаған «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай. Ол өз сөзінде еліміздің басты бағдаршамы «жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы екенін атап өтті. Бұл құжатқа сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 40%-ға, ал 2050 жылға қарай 60%-ға жетуі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін еліміз қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесін құруда, ол инфрақұрылымды дамытуға, озық қолжетімді технологияларды енгізуге, халықты тұрмыстық қалдықтарды шығару және сұрыптап жинаумен толық қамтуға, сондай-ақ айналмалы экономиканың қағидаттарын ілгерілетуге негізделген.

Ержан Сәрсенбай атап өткендей, «Жасыл даму» АҚ экологиялық саясаттың негізгі операторы. Компания қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы бизнесті ынталандыру шараларын жүзеге асырып келеді. Олардың ішінде инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру, иесіз қауіпті қалдықтарды басқару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бар. Ерекше назар қалдықтармен жұмыс істеу үдерісіне цифрлық бақылау жүргізетін EcoQolday платформасына аударылды. 2024 жылғы тамыздан 2025 жылғы маусымға дейінгі аралықта бұл жүйе арқылы 23,5 мың тонна қалдық қайта өңделіп, 64 кәсіпорын қосылған. Платформа арқылы 2024–2025 жылдарға шамамен $35 млн қарастырылған, бұл нарық қатысушыларына тұрақты қолдау көрсетудің кепілі.

Сонымен қатар, «Жасыл даму» АҚ Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп, қалдықтарды басқару саласына жеңілдікпен қаржыландыру тетігін жүзеге асыруда. Бұл сұрыптау желілерін іске қосуға және жаңғыртуға, қайта өңдеу зауыттарын салуға, арнайы техника мен контейнерлер сатып алуға мүмкіндік береді. Қалдықтарды басқару инфрақұрылымына жоспарланған жалпы инвестиция көлемі шамамен $400 млн құрайды. Бұл Қазақстанда жылына 4,2 млн тоннадан астам қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік беретін қуаттарды құруға негіз болады.

Баяндаманың маңызды бөлігі иесіз қауіпті қалдықтарды басқару мәселесі. Республика меншігіне пестицидтер, радиоактивті және тұрақты органикалық ластағыштар сынды 17 нысан қабылданды. Олардың бір бөлігі жойылды немесе өңірлерге берілді, ал қалғанына 2026 жылдан бастап «Жасыл даму» АҚ-ның өз қаражатынан $23 млн бөлу жоспарлануда. Қазақстан Орталық Азиядағы жалғыз тұрақты органикалық ластағыштарды жоюға арналған зауыттың құрылысын аяқтауда. Бұл зауыттың жылдық қуаты 520 тонна. Сонымен қатар, еліміздің Стокгольм конвенциясы аясындағы міндеттемелерін орындауға арналған Ұлттық жоспар жаңартылуда.

Қорытындылай келе, Ержан Сәрсенбай экологиялық ағарту және тұтынудың орнықты мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Ол «Жасыл даму» АҚ Мемлекет басшысының азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға тартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдап отырғанын атап өтті. Осы мақсаттарға компанияның қолдауымен $1,5 млн бөлінген. Бұл қаражат ұлттық парктерге контейнерлер мен фандоматтар орнатуға, биологиялық ыдырайтын пакеттермен қамтамасыз етуге, эко-көрмелер мен эко-жәрмеңкелер ұйымдастыруға, 129 мектепті сұрыптап жинауға арналған контейнерлермен жабдықтауға, сондай-ақ «Таза қала» тақырыбындағы 20 телебағдарлама түсіруге бағытталды.

Ержан Сәрсенбай «Жасыл даму» АҚ экологиялық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағыттарын жүйелі түрде қолдайтынын атап өтті. Компания халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және қалдықтарды басқарудың ұлттық басымдықтар мен жаһандық стандарттарға сәйкес орнықты моделін құруға ниетті.

Министрлердің кездесуі екі күнге жалғасады. Бағдарлама аясында тақырыптық сессиялар, панельдік талқылаулар және өзекті экологиялық мәселелерді талқылау жоспарланған. Бұл кездесу өңірлік экологиялық күн тәртібін үйлестіру және 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық жолындағы маңызды кезең болмақ.