«Жасыл даму» АҚ және «Қазгидромет» РМК тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингілеу бойынша халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ және «Қазгидромет» РМК тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингілеу бойынша халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде

«Жасыл даму» АҚ «Қазгидромет» РМК, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Қоршаған ортаны зерттеу жөніндегі халықаралық орталық RECETOX-пен бірлесіп, тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингілеу саласында серіктестікті кеңейту мәселесін талқылады. Кездесу Стокгольм конвенциясы шеңберіндегі «Тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингілеудің төртінші фазасын іске асыру» атты жаһандық жобасы аясында өтті.
Қатысушылар тәжірибе алмасудың және экологиялық мониторинг саласында заманауи технологияларды енгізудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Халықаралық орталық RECETOX ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіріп, Қазақстанға су мен ауаға арналған пассивті сынама алғыштар, өз инфрақұрылымы базасында зертханалық зерттеулер жүргізу және «Қазгидромет» мамандарын бірлескен зерттеулер арқылы оқыту мүмкіндіктерін ұсынды.
Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты - тұрақты органикалық ластаушыларды мониторингілеу бойынша төртінші жаһандық есепті әзірлеу үшін сенімді деректерді қамтамасыз ету. Бұл құжат 2027 жылы Стокгольм конвенциясы тараптарының конференциясында ұсынылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Қазгидромет» РМК мен RECETOX орталығы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты. Бұл қадам Қазақстанның экология және орнықты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтудың маңызды кезеңі болмақ.