«Жасыл даму» АҚ қауіпті қалдықтарды басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ қауіпті қалдықтарды басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

2025 жылғы 13–15 қазан аралығында Ресей Федерациясының Жаңасібір қаласында «Тұрақты органикалық ластағыштар: айналым, түгендеу және кәдеге жарату мәселелері» атты халықаралық конференция өтуде. Іс-шараны Стокгольм конвенциясы бойынша Ресей Федерациясының өңірлік орталығы Ресей ғылым академиясының Жаңасібір бөлімшесінің Н.Н. Ворожцов атындағы Органикалық химия институтының базасында ұйымдастырды.

Конференцияның мақсаты - Стокгольм конвенциясына қатысушы елдер арасында тұрақты органикалық ластағыштармен (ТОЛ) экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жұмыс істеу, ластанған аумақтарды түгендеу және оларды залалсыздандыру мен кәдеге жарату бойынша заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен алмасу.

Конференция аясында сондай-ақ практикалық бөлім «Қоршаған орта нысандарындағы тұрақты органикалық ластағыштардың құрамын талдау» атты оқыту курсы өтуде. Курс институт зертханасының базасында ұйымдастырылып, мамандардың біліктілігін арттыру мен ТОЛ анықтаудың заманауи талдамалық әдістерін меңгеруге бағытталған.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының атынан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің бас сарапшысы Дана Ағыбаева мен «Жасыл даму» АҚ Тарихи қалдықтарды басқару департаментінің менеджері Айжан Жәкиянова қатысуда.

Қазақстандық мамандардың бұл конференцияға қатысуы қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Стокгольм конвенциясы шеңберінде экологиялық қауіпсіз практикаларды Қазақстанда енгізуге ықпал етеді.