ӨЭС 2026 аясында «Жасыл даму» АҚ «Климатқа бейімделген жер пайдалану тәжірибелері» атты тақырыптық сессия ұйымдастырды. Сессия барысында халықаралық климаттық құралдарды және жер ресурстарын тұрақты басқаруды біріктірудің практикалық тәсілдері ұсынылды. Іс-шара өңірдегі өзекті сын-қатерлерді талқылау және сарапшылар мен серіктестер арасында тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды.
Сессияның негізгі назарында БҰҰ-ның екі Конвенциясының - климаттың өзгеруі және шөлейттенумен күрес жөніндегі құралдарын біріктіру мәселесі болды. Орталық Азия елдері үшін бұл тәсіл стратегиялық маңызға ие: климаттық тәуекелдер мен топырақтың тозуы бір-бірін күшейтіп, экологиялық және экономикалық қауіптердің тұйық шеңберін қалыптастырады.
Қазақстан қазірдің өзінде тұжырымдамалардан нақты шешімдерге көшуді көрсетіп отыр. Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институтымен (UfU) бірлесіп, елдің төрт өңірінде «көміртекті-ақылды» ауыл шаруашылығы бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалар жер ресурстарын экологиялық жауапкершілікпен пайдалану қоршаған ортаны сақтаумен қатар, аграрлық сектордың экономикалық тиімділігін арттыратынын айқын көрсетеді.
Сессияның маңызды нәтижелерінің бірі — Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен UfU арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Бұл құжат Берлин Еуразиялық клубының 46-отырысында, Қазақстан мен Германияның жасыл болашақ үшін стратегиялық серіктестігі тақырыбында рәсімделді. Құжат тараптардың тұрақты даму және климаттық саясат саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға ниетін бекітеді.
Сонымен қатар, «Жасыл даму» АҚ Секторалдық құзыреттілік 2 департаментінің директоры Д.А. Қасенова Қазақстанның жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін (ОНҮВ 3.0) іске асыру жөніндегі арнайы семинарға қатысты. NDC Partnership, ADPC және «ECOJER» қауымдастығы ұйымдастырған бұл іс-шарада ЗИЗЛХ секторындағы парниктік газдардың ұлттық түгендеу мәселелері бойынша баяндама ұсынылды.
«Бүгінде Қазақстан үшін климаттық тұрақтылық пен жерді ұтымды пайдалануды қатар қамтамасыз ететін шешімдерді енгізу ерекше маңызды. Біздің пилоттық жобалар экологиялық тәсілдердің экономикалық тұрғыдан тиімді бола алатынын көрсетуде, ал халықаралық ынтымақтастық бұл әсерді күшейтеді», — деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ өкілі.
Өткізілген іс-шаралар Қазақстанның жаһандық климаттық күн тәртібіндегі белсенді қатысушы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Халықаралық тәжірибелерді енгізу, серіктестіктерді дамыту және инновациялық тәсілдерді қолдану аграрлық сектордың тұрақты дамуына және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға негіз қалайды.