Астанада «Жасыл даму» АҚ мен ЖСДП EcoQolday қалдықтарды бөлек жинау жобасы бойынша кездесу өткізді
Баспасөз орталығына оралу

Астанада «Жасыл даму» АҚ мен ЖСДП EcoQolday қалдықтарды бөлек жинау жобасы бойынша кездесу өткізді

«Жасыл даму» акционерлік қоғамы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астана қаласының мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосу партия алаңында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылып, EcoQolday пилоттық жобасын іске асыру мәселелеріне арналды.

Кездесудің негізгі тақырыбы - тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізу болды. Бұл жүйе арқылы елорда тұрғындары қағазды, пластикті және шыныны қайта өңдеуге өткізе алады. Ал түскен қаражат МИБ мен ПИК-тің қажеттіліктеріне бағытталып, тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде аулаларды абаттандыруға, арнайы контейнерлер мен қайталама шикізат қабылдау пункттерін орнатуға жұмсалмақ.

EcoQolday жобасы тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайтуға ғана емес, сонымен қатар халық арасында жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Алғашқы кезеңде Астананың 10 ірі тұрғын үй кешенін қамту жоспарланып отыр, олар бағдарламаға пилоттық қатысушылар ретінде енгізіледі.

Кездесу барысында қатысушылар арнайы цифрлық платформаны енгізу тетіктерін, тұрғындарды ынталандыру мәселелерін және жобаны кеңейту мақсатында одан әрі ынтымақтастықты талқылады.

«Жасыл даму» АҚ экологиялық бастамаларды дамыту бағытындағы белсенді жұмысын жалғастыра отырып, барлық мүдделі тараптарды EcoQolday жобасын іске асыруға қатысуға шақырады.